Отбасы күніне орай Ақтауда психолог Ержан Мырзабаевтың “Бала тәрбиесіндегі эмоционалды интелектіні дамыту” атты семинар өтті. «Елбасы медалі» жобасының қатысушыларының ата-аналары мен тәлімгерлеріне баланың даму ерекшеліктеріне, мінез-құлықтарына аса назар аудара отырып, жан-жақты тәрбиелеудегі қиындықтарды еңсерудің жолын көрсетті.
Отбасы – тәрбие бастауы. Отбасындағы жиі талқыланатын тақырыптардың бірі – бала тәрбиесі. «Әрбір бала – индивид» болғандықтан, қызығушылықтарын байқап, өмірлік көзқарасын қалыптастыру үшін әсер ететін ортасына мән беру керектігі жөнінде семинарда талқыланды.
Педагогика-психология магистрі, АҚШ-тағы Готтман Институтын тәмәмдаған Ержан Мырзабаев бала өміріндегі ата-ананың рөлін көрсетіп, жеке шекараны қорғай білудің маңызы туралы мәселелер айтылды. “Ұрпақ теориясы” атты бөлімде әр дәуір балаларының даму кезеңдері және оларды жеке тұлға ретінде қалыптастыратын құндылықтарға тоқталды.
Баланың психологиясы, баланың эмоциясын ескере отырып, тәрбиелеудің жолдары сараланды. Семинарға қатысушы ата-аналар мен тәлімгерлер өздеріне құнды ақпарат алып, өз көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Ата-аналар, тәлімгерлермен кері байланыс орнатылып, семинар соңында қатысушылардың барлығы дерлік Ержан Мырзабаевтың өз қолынан сертификатқа ие болды.
Тәлімгер Әйгерім Бәйтерекова «Елбасы медалі» қатысушыларының ата-аналарымен бірге Жаңаөзен қаласынан Ақтауға екі сағат жол жүріп, семинарға қатысқан. «Көбіне балаға жекеменшігіміз сияқты көзқараспен қараймыз. Ал оны түсініп, тең дәрежеде сөйлесе бермейміз. Ата-ананың айтқанын бұлжытпай орындайтын, тәртіпті робот деп ойлайтындардың қатары көп екені қынжылтады. Баламен ақылдасып, тең дәрежеде сөйлесу арқылы ой-өрісін дамыту керегін ұмытатынымыз өкінішті-ақ. Осының бәрін түсініп, ата-аналар бала тәрбиесіндегі қателіктерін түсініп, ұйымдастырушылар мен психологқа алғысын білдірді, - дейді тәлімгер Әйгерім Бәйтерекова.
Айта кетейік, семинарды «Елбасы Академиясы» Корпоративтік қоры мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырды.