Шығыс Қазақстан облысының «Білім-инновация» мамандандырылған лицейінің оқушысы Темірлан Байболов El maqtanyshy сыйлығының иегері атанды және бір миллион теңге алды. Сыйлық ең беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орын алған оқушылар мен олардың жаттықтырушы-тәлімгерлеріне арналған.
Оқушы 2020 жылы Информатика пәні бойынша ІОІ халықаралық олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Темірланның айтуынша, бұл оның екінші El maqtanyshy сыйлығы.
Он бірінші сынып оқушысы жаз бойы олимпиадаға дайындалған, оған таныс мұғалімдер, жаттықтырушылар мен достары көмектесті. Оқушының айтуынша, дайындыққа Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Темірлан Сатылханов зор үлесін қосқан. El maqtanyshy сыйлығы туралы айта келе, марапат иегері олимпиадаға қатысушыларды ғана емес, олардың мұғалімдерін де марапаттаудың маңызды екендігін атап өтті.
- Бұл жоба дарынды балалардың есімдерін бүкіл елге танытып қана қоймай, оларға бірге жиналып, қарым-қатынас құруға бірегей мүмкіндік береді. Әрине, материалдық көмек те қуантады. Әсіресе, мұғалімдердің марапатталатыны ерекше ұнады, - деді Темірлан Байболов.
Ол өз құрдастарына Қазақстан қоржынын медальдармен толтыруды жалғастыруды тіледі.
El Maqtanyshy сыйлығы El Úmiti бастамасы аясында Елбасы Академиясымен бірлесе отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен беріледі. Қатысушылар мен жаттықтырушылар үшін сыйақы мөлшері бірдей: алтын жүлде үшін - 2 млн теңгеден, күміс - 1 млн теңгеден, қола - 500 мың теңгеден. 2020 жылы 16 жүлдегер және 20 жаттықтырушы сыйлық лауреаттары атанды.