29 мамыр Астанада «Мың бала» ұлттық олимпиадасының қорытынды конференциясы өтті. Конференцияға жеңімпаз оқушылар мен еліміздің әр өңіренен келген «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының үйлестірушілері қатысты. Сондай ақ, «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары - Жұмагелді Нұрлан, «Каспий дарыны» орталығының бөлім басшысы - Утебаев Серік, Қызылорда облысы «Дарын» орталығының дарынды
балалармен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі - Ташенова Гүлжазира спикер болды.
«Мың бала» олимпиадасы – ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтайтын және оларға қолдау көрсететін аса маңызды жобалардың бірі. Бес жыл ішінде олимпиадаға ауыл мектептерінде оқитын 754 мыңнан астам 6-сынып оқушысы қатысты. Олардың арасынан 5000-ы олимпиада жеңімпазы атанды, 1800-ге жуық оқушы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды. «Мың бала» олимпиадасын «El Umiti» корпоративтік қоры Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен серіктестікте жүзеге асырады.
Биыл олимпадаға 83 318 оқушы тіркелді. «Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. I кезең онлайн форматта 1 сәуір мен 11 сәуір аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында өтті. Екі бөлімнен және 40 сұрақтан тұратын тестілеу тапсырды, ол - логикалық ойлау, кеңістіктік ойлау. Ең жоғары қорытынды балл жинаған бес мыңнан астам оқушы олимпиаданың II кезеңіне жолдама алды.
Олимпиаданың екінші кезеңі 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында математикалық сауаттылық, қазақ тілі(қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін), орыс тілі(орыс тілінде оқитын оқушылар үшін), ағылшын тілі, жаратылыстану пәндері бойынша өтті.
Олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған еліміздің жетекші мектептеріне - Республикалық физика-математика мектебіне, «Білім-Инновация» лицейлеріне, «Дарын» мамандандырылған мектептеріне квота бойынша оқуға түсу мүмкіндігіне ие болды.