«El Umiti» қоры» КҚ ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе ұйымдастыратын «Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 2024 жылдың 1-10 сәуір аралығында прокторинг жүйесін қолдану арқылы өтіп, логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауға арналған тапсырмаларды қамтыды. Тестілеу онлайн форматта өткізілді.
Екінші кезең аймақтардағы су тасқыны апатына байланысты прокторинг жүйесі арқылы 2024 жылдың 29-30 сәуір және 2 мамыр аралығында ұйымдастырылды. Екінші кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілі, орыс тілінде оқитын оқушыларға арналған орыс тілі, ағылшын тілі мен жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімге баға беретін онлайн тестілеуге қатысты.
Биылғы олимпиадаға қатысу үшін ауыл мектептерінің 6-сыныптары арасында 83 мыңнан астам оқушы тіркелді. І кезеңге 76 642 оқушы қатысып, ең көп балл жинаған 5923 финалист келесі кезеңге өтті. II кезеңде олимпиаданың шекті балы ең жоғары 400 балдан 290 балды құрады. Онлайн тестілеу нәтижесінде үздік 1000 оқушының есімі белгілі болды.
Олар еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады.