Санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, Шымкент қаласында жетпіске жуық жастар домбыра шанағынан бірнеше күйлерді төгілтті.Сонымен бірге ұлттық аспапты ұлықтау мақсатында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Түркістан, СҚО, Атырау, Көкшетау, Түркістан қалаларында да іс-шара өтті.
Тіл күрмеліп, жүрек өрекпіп қиналғанда айтар ойды күймен жеткізген небір дәулескер күйшілер болған. Қоңыр үннің құдіретін сездіру үшін «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Әке толғауы», «Сұлтан», «Кішкентай» және т.б. күйлері орындалып, әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні төңіректі елітті.
« Елбасы медалі» жобасына қатысып, домбыра тартуды үйрендім. Оған дейін күйшілерге қызығып, күйді түсінгім келетін. Күй – халықтың тұрмысын, тарихын, тағдырын домбыра арқылы жеткізілетін атадан қалған мұра. Құдіретін сезінгеніме бақыттымын, - дейді іс-шараға қатысушысы Алуа Дулатова.
Флешмобты «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорымен бірлесіп, «Қазақстан жастарының Конгресі» мен «Білім-инновация» лицейі өткізді.
Айта кетейік, «Елбасы медалі» жобасына қатысушылар домбыра қағыстарын меңгеріп қана қоймай, күй тартуды үйрене бастайды. Бұрын-соңды мүлдем домбыра ұстамаған жастар бойындағы қабілетін ашып, қызығушылығы артады. Ұлттық аспапта емін-еркін ойнағысы келетіндер үшін Елбасы Академиясының ютуб парақшасында домбыра сабақтары жүктелген.