«Елбасы медалі» бағдарламасының қатысушыларын марапаттау үшін комиссияның үшінші кезекті отырысы өтті.
Елбасының ұйытқы болуымен «Ел Үміті» бастамасы аясында 2020 жылдың шілде айынан бастап іске қосылған «Елбасы медалі» жобасына бір жыл толып отыр. Осы аралықта 14-29 жас аралығыдағы 21 мыңнан астам белсенді жастар қатысып, берілген тапсырмаларды үздіксіз орындап жатыр.
Бұл жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Елбасы Академиясы жүзеге асырады.
Отырыс барысында комиссия мүшелері 473 қатысушының бағдарлама барысындағы нәтижелерін қарап, алғаш рет 8 күміс медаль иегерін анықтады. 383 қола медаль иегері атанса, ал 84 қатысушыға сертификат табысталатынын бекітті.
«Нұрсұлтан Назарбаев қорының» атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлының айтуынша, 2020 жылы 1000 қола медаль иегерлері марапатталды. Ал 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 2535 қола медаль иегерлері атанып отыр.
«Нәтижелерін қарауға ұсынылып отырған «Елбасы медалі» қатысушыларының 85 пайызы мектеп оқушылары болса, 12 пайызы студенттер болып отыр. Ал 3 пайызы – жұмыс істейтін жастар. Статистикаға қарап, бағдарламаға қатысушылардың 75 пайызы 18 жасқа дейінгі жастар екенін байқадық. 22 пайызы – ауылды жерлерде тұратын жастар. Олар қиындықтарды еңсеріп, үздіксіз тапсырманы орындау арқылы дамиды,- дейді «Елбасы Академиясының» Көшбасшылықты дамыту және цифрлық білім беру орталығының басшысы Жанат Жеңісбекқызы.
Үш деңгейден тұратын ауқымды жоба 359 тәлімгерді, 17 аймақтық үйлестірушілер мен 17 сарапшыларды қамтыды. Күн тәртібіне қойылған қатысушылардың еңбегі бір ауыздан қолдау тапты.
Күміс медаль иегерлерінің тізімі