Қостанай педагогикалық колледжінде «Еl Umiti» қоры» корпоративтік қорының білім беру жобаларының роуд-шоуы өтті. Бұл шара облыста өтіп жатқан Нұрсұлтан Назарбаев Қорының күндері аясында жүзеге асты.
Жоба жетекшілері қор жүзеге асырып жатқан «Қабілет», «Мың бала», «Смарт ұстаз», «Тәуелсіздік дәуірі» және «Бірге оқу» бағдарламаларына тоқталып, олар туралы толық ақпарат берді.
Мәселен, Qabilet жобасының өкілдері «Мектеп жасындағы балалардың қабілеттерін диагностикалау және «4К» дағдыларын дамыту әдістері» тақырыбында тренинг өткізді. Ал Smart USTAZ жобасының мамандары болса «Оқушылармен және ата-аналармен тиімді қарым-қатынас жасау үшін әлеуметтік-эмоционалдық құзыреттіліктерді/дағдыларды дамыту» бойынша материалдар ұсынды.
«Нұрсұлтан Назарбаев Қорының күндері аясында «El umiti» қорының командасы өз жобаларының тұсаукесерін екінші мәрте өткізіп отыр. Мұндай таныстырулар бенефициарларымызды одан да көбірек қамтуға мүмкіндік береді және біздің жобаларымыз ең алдымен өңірлердегі білім беру сапасын арттыруға және дамытуға бағытталғандықтан осы іспеттес презентациялар біз үшін өте маңызды. Өйткені балалар біздің жобаларымыз туралы көбірек біліп, қатысу белсенділіктері артады, сонымен қатар біз жаңа дағдыларды үйренетін, білім алатын және ең бастысы - жақсы көңіл - күй сыйлай алатын шеберлік сабақтарын өткіземіз», - деп атап өтті Асланбек Әмрин.
«El Umiti» жобалары үйренудің жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп, оқушылардың қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Шараға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы қатысып, аталмыш білім беру және әлеуметтік маңызы бар жобалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жобаларды таныстыру барысында сарапшылар жастармен кездесіп, оларға да дамыту тренингтерін өткізді. Роуд-шоуға аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Бұдан басқа, мектеп директорларының орынбасарларына, мұғалімдер мен психологтарджың қатысуымен тренинг ұйымдастырылды. Қостанай автожол колледжінде көпшілік алдында сөз сөйлеу бойынша тренинг өтті. Бұл тренинг «Еl Umiti»қорының пікірсайыс қауымдастығымен бірге жүзеге асырған жобалары аясында әзірленген болатын.