2023 жылдың 6 наурызында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына арналған брифинг өтті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі, «Дарын» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Ақмола облысы Білім басқармасының ресми өкілдері, №2 облыстық мамандандырылған мектептің директоры және «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының үйлестірушісі қатысты.
Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу ашылды. Биылғы олимпиадаға қатысу үшін өтінімдер 1 наурыз бен 30 наурыз аралығында қабылданады. Оған тіркелу 1000bala.elumiti.kz сайтында қолжетімді.
Биылғы қатысушылар үшін бірнеше жаңалығымыз бар. Алғашқысы, 2023 жылғы олимпиадаға тек 6-сынып оқушылары қатыса алады. Екіншіден, биыл мұғалімдер тіркеуден өтті, олимпиада қорытындысы бойынша оқушылары жеңімпаз атанған мұғалімдерге сертификат берілетін болады. Үшіншіден, биыл сайтта өткен жылдағы тест тапсырмалары бойынша дайындалуға мүмкіндік беретін тренажер іске қосылды.
«Мың бала» олимпиадасының мақсаты - ауылдық жерлерде оқитын 6-сыныптың ең қабілетті 1000 оқушысын анықтап, оларға еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде білім алуға мүмкіндік беру. Олимпиаданың бес мың финалисі Birge oqý онлайн-мектебінде тегін оқи алады. Яғни, елдегі оқушылардың қабілетін дамытуға тең жағдай жасалады.
«Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. I кезең 2023 жылдың сәуір айының 3-ші мен 7-сі аралығында өтеді. Бұл кезең логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауға арналған тапсырмалардан тұрады. Тестілеу онлайн-форматта өткізіледі. Облыстар бойынша ең жоғары қорытынды балл алған бес мың оқушы олимпиаданың ІІ кезеңіне өтеді.
Олимпиаданың II кезеңі 2023 жылғы сәуір айының 26 мен 28 аралығында өңірлік тестілеу орталықтарында күндізгі форматта өтетін болады. Қатысушылар II кезеңде математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін), орыс тілі (орыс тілінде оқитын оқушылар үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша білімдерін бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеуден өту қажет.
Жалпы еліміз бойынша олипиада өткен үш жыл ішінде оған ауыл мектептерінен 590 мыңнан астам оқушы қатысты. Үш жыл ішінде олимпиаданың 3000 жеңімпазы анықталды, оның 960-ы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданса, тағы 5000-ға жуық бала онлайн қосымша білім алады.
Үш жыл ішінде олимпиадаға еліміз бойынша 580 мыңнан астам ауыл мектептерінің оқушылары қатысты. Осы үш жылда олимпиаданың 3000 жеңімпазы анықталып, олардың 960-ы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды, сондай-ақ 5000-ға жуығы онлайн форматта қосымша білім алуда.
Олимпиаданы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Дарын» РҒТО бірлесіп өткізеді.