2022 жылдың 20-21 қазанында Ақтау қаласында «Мектеп жасындағы балаларда 4 «К» қабілеттерін диагностикалау және дамыту әдістемесі» тақырыбында екі күндік облыстық тренинг-семинар өтіп жатыр. Күрделі материал тәжірибеден мысалдар келтіре отырып, қарапайым тілмен түсіндірілді.
Балалардың қабілетін диагностикалау бойынша жалпыға бірдей қабылданған әлемдік тесттердің авторлық әдістемелерін әзірлеу және бейімдеу үшін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің психологиялық диагностикасы саласындағы ұлттық сарапшылары тартылды.
Семинарға қабілеттерді диагностикалау бойынша әдістеме авторлары Абай атындағы ҚазҰПУ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі Толқын Ыңғайбекова мен психология магистрі, аға оқытушы Сәулет Тукебаева жаттықтырушы ретінде қатысты.
Жалпы 120 мектеп психологын, Маңғыстау облысы «Дарын» орталығының 10 қызметкерін қамту жоспарланған. Бағдарлама теориялық және практикалық 2 модульден (16 сағат) тұрады. Іс-шараны Елбасы Академиясы Маңғыстау облысының Дарын орталығы мен Білім басқармасымен бірігіп ұйымдастырып отыр.
«Әрбір ата-ана бала-шағасының qabilet.elbasyacademy.kz платформасында «4К» бойынша тест тапсырғанын қадағалап, қай салаға икемі бар екенін білгеннен кейін сол бағытта жұмыс істеуі керек. Даму динамикасын үнемі бақылап, бағыт-бағдар берсе, баланың қызығушылығын тап басуға болады. Егер ары қарай баланы сүйемелдейтін болса, болашақта білікті маманның қалыптасатына сеніміміз мол», - дейді «Балалар мен жастарды диагностикалау және дамыту» орталығының жетекшісі Гүлім Жүсіпова.
Маңғыстау облысы «Дарын» орталығының директоры Несібелі Қуатованың айтуынша, психолог баланың жанын түсінбесе, оны жігерлендіре алмайды. Семинарда психологтар білімін жетілдіріп, балалардың дамуына көмегін береді, жігерін жанып, алға ұмтылуға септігін тигізеді.
Семинар-тренингте тыңдаушылар мектеп жасындағы балалардың қабілеттерін дамытудың құрылымымен, факторларымен және ерекшеліктерімен танысады; психологиялық диагностика жүргізудің әдіснамасы мен әдістерін және «Мектеп жасындағы балаларда «4К: сыни ойлау, креативтілік, коммуникация, коллаборация» - ХХІ ғасырдың дағдыларын дамытудың заманауи технологиялары мен әдістерін меңгереді.