«Елбасы медалі» ерекшелік белгісінің 1323 иегері ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинап, ауылдық жерден келген 450 медаль иегерлері мемлекеттік білім беру грантын алды.
Гранттың ең көп саны Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстары мен Шымкент және Алматы қалаларынан келген студенттерге тиесілі.
«Жобаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 22 мыңнан астам жас қатысты. Жоба барлық қатысушылардың өміріндегі маңызды бөлікке айналды, атап айтқанда жастарды спорт пен еріктілік бағытында жаңа жетістіктерге ынталандырды, адамды жақсылыққа жетелейтін басқа да істердегі дарындылығын ашты. Сонымен қатар, бұл - өз тәртібіңді жүйелеуге тамаша мүмкіндік. Менің ойымша, қазіргі замандағы адам үшін бұл өте маңызды қасиет. Біз қатысушыларымызды мақтан тұтамыз, олардың әрқайсысы болашақта жеке тұлға болатынына және Отанымыздың дамуына міндетті түрде өз үлесін қосатынына сенімдіміз», – деді Қор басшысы Асланбек Әмрин.
«Жалпы медицина мамандығына «Елбасы медалі» бағдарламасының қола жүлдегері сертификатын өткізгенімнің арқасында грант иегері атанғаныма қуаныштымын. Бағдарламаға қатысқанда ғылыми бағытта өзімді дамытып, түрлі тәжірибелер жасадым. Тайм-менеджментті қалыптастыруымның арқасында жеңіл атлетикамен күнделікті шұғылдана бастадым. «Еріктілік» бағытында жарымжан бала бағып отырған жалғызбасты анаға азық-түлік апарып, жалғыз тұратын әженің ауласын тазалап, шөбін жұлып бердім», - дейді Астана медицина университетінің студенті Бауыржан Бегманов.
Қазіргі уақытта «Елбасы медалі» бағдарламасы Қазақстанның алты өңірінде жүзеге асырылады: Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары, сондай-ақ Республикалық маңызы бар Шымкент және Алматы қалалары. Еліміздің басқа өңірлерінде 10 қыркүйектен бастап басталады.
Бүкіл кезең ішінде бағдарламамен 22 мыңнан астам қатысушы қамтылды, олардың 7 559 - ы медальмен марапатталды, оның ішінде 7 329 – ы қола, 196 – ы күміс, 34-і алтын.
Естеріңізге сала кетейік, бұл – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жоба. Бағдарлама 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған.